Arknews.kz - новостной портал города Аркалыка

Айбек ҚАЛИЕВ, айтыскер ақын: Қазіргі жастарды теледидар мен интернет тәрбиелеп жатыр

Ұстаздар  қауымының  барлық  адамзат  баласына  білім  беріп, ұлтты  ұйыстырудағы, Ыбырай  салған  ізді  жалғастырудағы өнегесі  әрқашанда  шәкірттеріне  ұлағат. Сол  Ыбырай  атамыздың  армандаған  асыл  мұраттары- бүгінгі  тәуелсіз  елдің  рухани  дамумен  берік  байланысып  жатыр.

Соның  бір  көрінісі- ұстаздың шәкірт жүрегінің  түбінен  орын  алып, мәңгілік  жадында  сақталуы.Ғылым  жолы  бұралаң.Осындай  даңғыл  әрі  ұлы  жолда  жүрген  жандардың  бірегейі филология  ғылымдарының  кандидаты, доцент  Айбек  Киікбайұлы  Қалиев.  Айбек  ағамыз  бұқара халыққа ұстаздық  мамандығы  мен  қатар  айтыс  өнері  арқылы  етене  таныс.  Қаршадай  жасынан  дүбірлі  сөз  жарысына  қатысып, бүгінгі  таңда  қазақ  айтыс  өнерінде  өзіндік  орны  бар ақтаңгер, азамат  ақын.  Биыл  Айбек  ағамыздың   шығармашылық  жолына  жиырма  жыл, ұстаздық  еткеніне  он  бес  жыл  толып  отыр.   Белгілі  ғалым, азамат  ақынның  қуанышына  ортақтасып, сыр  сұхбатқа  тартқан  едік.  

 

Е.Т. Жалпы шығармашылық жолында ойыңызға не түйдіңіз?

 

А.Қ.Шығармашылық деген өте күрделі процесс. Менің өмірімде осы процестің бірнеше түріне атсалысудың сәті түсті. Атап айтқанда, әдеби шығармашылық, ғылыми шығармашылық, педагогикалық шығармашылық. Байқап отырғанымыздай үшеуі үш әлем. Алайда, менің мысалымда үшеуі біртұтас дүние. Менің әдеби шығармашылығымның нәтижесі – менің айтыстарым, ғылыми шығармашылығымның нәтижесі – зерттеп жүрген тақырыбымның айналасында жарық көрген монография, оқулық, ғылыми мақалаларым, педагогикалық шығармашылығымның жемісі – білімді, білікті, тәрбиелі шәкірттерім. Мен өзімді шығармашылық жолға енді түстім деп есептеймін. Бейнелеп айтқанда, шығармашылықтың тұқымын енді сеуіп, күтіп-баптап жүрген жайым бар, жемісін көруге әлі ертелеу. Шығармашылыққа адал болсаң, нәтижесі де діттеген жерден шығады.

 

Е.Т. Ұстазыңыз Рымғали Нұрғалидың үмітін қаншалықты ақтадыңыз?

 

А.Қ. Ғылымға деген қызығушылық менде студент кезімнен оянды. Университет қабырғасында жүргенде Сәуле Серікбайқызы Шәйкенова деген ұстазымның әсері көп болды. Сол кісінің жетекшілігімен диплом жұмысын қорғадым. Сонымен бірге Дихан Қамзабекұлы, Ербол Тілешев, Ілияс Құрманғалиев сынды ұстаздарымның да ықпалдары мен еңбектері орасан зор болды. Ал, академик Рымғали Нұрғалидың ғылыми мектебінен өту мен үшін жаратқанның үлкен сыйы деп есептеймін. Кандидаттық диссертациямның тақырыбын ұсынған да сол кісі болатын. Ғылыми жұмысымның қолжазбасын оқып шыққаннан кейін, «Торғайдың өшкенін жандырып, өлгенін тірілтіпсің, айналайын!»-деп бетімнен сүйді. Қолжазбаның соңына жарты бет қып өзінің ақ батасын жазыпты. Ол менде әлі күнге дейін сақтаулы. Көрнекті ғалымның осындай бағасын алу қаншалық бақыт болғанмен, менде бір өкініш бар. Арқылыққа ауысатын кезде бір ай бойы ол кісіге айтуға бата алмай жүрдім. Бірақ кетерде ол кісі: «Декан болып қызмет істеген жақсы, алайда институттың өмірі бітпейтін жұмысымен жүргенде ғылыми жұмыс ақсап қалады, сондықтан, қызметтің күйбеңімен жүре бермей, бір жылдан кейін жұмысыңды аяқтап, алып кел!»-деп еді. Мен жұмысымды аяқтап үлгере алмадым, ол кісі қайтыс болып кетті. Сөйтіп жүргенде, ғылым жүйесі өзгерді, кандидаттық, докторлық қорғау тоқтатылды. Қазіргі таңда ғылым кандидаттары не істерін білмей, дел-сал күйде жүрген жайы бар. Менің өкінішім сол аманатты орындай алмадым.

 

Е.Т. Шәкірттеріңіздің қандай болғанын қалар едіңіз? Ол үшін не істеу керек?

 

А.Қ.Шәкірттерімнің ең алдымен иманды, ұлтжанды, өз елінің патриоты болғанын қалаймын. Ол үшін біздің мемлекетімізде мемелекет құраушы ұлт қазақ ұлтының мүддесіне бағытталған ұлттық идеология қажет. Ұлттық идеология Алашқа негізделуі тиіс. Балабақшадан бастап ұлттық идеология бойынша тәрбиелесек, он бес-жиырма жылда жаңа ұлтжанды буын қалыптастырып шығарамыз. Сосын балабақша тек қазақ тілінде болуы қажет, сонда өзге ұлт өкілдері ғана емес, өзіміздің шала қазақ атанып жүрген бауырларымыздың балалары да дүбара болмай, таза қазақ болып шығады. Балабақшадан кейін орысша оқи ма, ағылшынша оқи ма, қытайша оқи маөзі біледі.

 

Е.Т.Рухани азып-тозған, ана тілін білмейтін, ділін жоғалтқан, батыс елдеріне еліктеген бүгінгі өскелең ұрпаққа деген көзқарасыңыз қандай?

 

А.Қ.Қазіргі жастарды теледидар мен интернет тәрбиелеп жатыр. Мен ұлтқа төнетін қауіптің бәрін содан көремін. Ата-ана күнделікті күйбең тірлікпен әуре, бала тәрбиесіне уақыты жоқ. Мектепте ұстаздардың бұрынғыдай емес, беделі түскен. Бала күнімізде көшенің басынан мұғалімді көрсек, келесі көшемен айналып өтуші едік. Қазіргілер айналып өтпек түгіл, амандаспай, соғып өтеді. Қазіргі оқушылардың психологиясы басқа. Бұған өзіміз де кінәліміз. Ата-ана баласының тәрбиесін мектептен, мектеп ата-анадан көреді. Мектеп балаға қатаң шара қолданса, ата-ана баласын қорғайды. Сосын ҰБТ-ны тым әсірелеп жібердік, өмірдің құны ҰБТ-мен өлшенетін болды. Жасыратын несі бар, мектептің абыройын жабу үшін мұғалімдер зыр жүгіреді, емтихан кезінде тестің жауабын мұғалімдер шешіп, телефонмен жіберіп отырады. Оқушының міндеті сол жауаптарды қабылдап, белгілеу ғана. ҰБТ-дан құлағандар ауыр психологиялық күйзеліске ұшырайды, тіпті өз-өзіне қол жұмсау фактілері де кездесіп жатыр. Біз мектеп бітіргенде ата-анамыздың біздің емтиханымызбен шаруасы да болмайтын, тіпті неше алдың деп те сұрамайтын. Қазір ата-ана таныс іздеп шапқылайды. Міне осының бәрі жастардың мінезіне әсер етеді. Осыдан келіп оның бойында немқұрайдылық пайда болады. Ал, немқұрайдылық адамның басты жауы екенін данышпандар айтып кеткен. Немқұрайдылық мәңгүрттіктің жеңіл түрі. Теледидар мен интернет жөнінде бөлек әңгіме. Батыстың атыс-шабыс, жабайы тән жақындығын насихаттайтын көрсетілімдерін айтпағанда, отандық телеөнімдердің тәрбиелік жағы өте төмен. Экранды жұлдызсымақтар босатпайды. Тіпті жасы келген аға-апаларымыздың өзі батыстың, Ресейдің жұлдыздарына еліктеп аузына келгенін айтады, әнші, жұлдыз деп жүргендеріміздің ешкі еміп, құрт-құмырсқа шайнағанынан кейін басқасын жауып қой. Кейбір ислам ғалымдары ақырзаманның белгісі ретінде айтылатын жалғыз көзді жалмауыз тажалды осы теледидар мен интернет деп есептейтін көрінеді. Жақында бір мәлімет оқыдым, АҚШ-та ма, батыс та ма, есімде жоқ, бір елде ата-ана өздерін де, балаларын да екі ай бойы интернеттен, теледидардан аулақ ұстап, тіпті ұялы телефонды да пайдаланбаған. Сонда олардың ұлының суретке, қызының музыкаға деген қабілеті ашылып, мінездерінде көп өзгерістер болған. Міне, осының өзі біраз нәрседен хабар берсе керек. Мен филологтарға сабақ берем. Қазіргі студенттердің тілі жұтаң. Сөйлей алмайды. Кітап оқымайды. Біз тестілеу әдісі арқылы баланың тілін байлап жатырмыз. Ал, бұл үлкен қасіретке алып келеді.

 

Е.Т.Қазақ айтыс өнеріне, айтыссүйер қауымға не бердіңіз, айтыстан не алдыңыз?

 

А.Қ.Қазақ айтысына, айтыссүйер қауымға не бергенімді сол қауымның өзінен сұрау керек шығар. Айтысқа бергенімнен берерім көп. Ал, айтыстан алғаным көп. Менің өмірім осы айтыс өнерімен өрілді. Айтыс өмірімнің өзегіне айналды. Айтыс танымалдылық, абырой-бедел берді.

 

Е.Т.Біздің айтыс өнері мен айтыс ақындарының мәдениеті жөнінде не айтасыз?

 

А.Қ.Айтыс синкретті өнер. Театры жоқ атам қазақ айтыс өнерін өте жоғары бағалаған. Айтыс ақынының бойында бірнеше өнер түрі топтасқан. Ол суырып-салма ақындық, музыкалық аспапта орындаушылық, әншілік, айтып отырған ойын көрерменге жеткізу үшін әртістік сияқты өнер керек. Әр ақынның стилі, иммиджі бар. Біреуі салиқалы, сабырлы, енді бірі қызба, үшінші бірі қалжыңға шебер дегендей. Десек те, сахна мәдениеті бірінші орында тұруы қажет. Кейінгі шыққан жас ақындардың кейбірінде халықтың симпатиясын алам деп үлкеннің жағасына жармасып, «өйтем де, бүйтем, қырам да, жоям» деп аласұратын келеңсіздік жиі орын алып келеді. Сонымен бірге жеңіске жетудің оңай жолы ретінде жеке бастың мәселесін әңгіме ететіндер де кездеседі. Ол ақынға абырой әпермейді. Ондай ақындар Аманжолдан, Балғынбектен, Бекарыстардан үлгі алуы керек деп ойлаймын.

 

Е.Т.Төл шәкірттеріңіз айтысқа түсіп, өнер көрсетіп жатқанда қандай әсерде боласыз?

 

А.Қ.Қатты толқимын. Бұрындары маған кейбір кісілер «қатты айтасың, ащы айтасың, басың бәлеге қалар, қазақ саған риза, жетер жеріне жеткізіп айттың, енді шамалап айтсаң қайтеді» дегендей әңгімелер айтқанда, онша түсіне бермейтін едім, енді шәкірттерім ащы ақиқатты айтып жатқанда өзім де солардың болашағы үшін уайым қылатын болдым. Бірақ олардың ешқайссының бетінен қаққым келмейді. «Бес саусақ бірдей емес, бір биеден ала да, құла да туады», өнерге адалдық танытпай, жүлдеге ұмтылып басшыларды орынсыз мақтап, жағымпаздық жасайтын кейбір шәкірттеріме көңілімнің құлазитынын да жасырғым келмейді. Ондай кезде «іштен шыққан шұбар жылан» дейміз де, іштен тынамыз.

 

Е.Т.«Торғай ақындық мектебі» атты оқу құралыңыз жарық көрді, осы кітаптан өзге облыстардан келген студенттер қандай тәлім, өнеге алмақ? Оқытудағы мақсатыңыз не?

 

А.Қ.Басқа облыстардан келген студенттерге Торғай ақындарының қажеті не дейсіз ғой! Ондай қисынға салатын болсақ, орыс Пушкиннің, ағылшын Байронның, неміс Гетенің, итальян Петрарканың, парсы Фирдоусидің де қазаққа қажеті болмай қалады ғой. Абайды тек семейліктер, Махамбетті атыраулықтар, Тұрмағамбетті тек қызылордалықтар оқу керек қой, онда. Торғай ақындық мектебі менің ғылыми тақырыбым. Әрбір жоғары оқу орынында ғылыми дәрежелі оқытушылар өзінің ғылыми тақырыбы бойынша арнайы курс жүргізеді. Торғай ақындық мектебінің өкілдері кеңестік заманда зерттеу аясынан тыс қалып келді. Оның бірнеше себебі бар. Сол себептердің бірі бұл ақындардың біразы Ахмет пен Міржақыптың ұстаздары, енді біразы Алаш қозғалысына қатысқан, сол үшін халық жауы атанған, сотталған, жер аударылған ақындар. Бұл ақындардың қай-қайсысын алсаңыз да қазақ поэзиясының дамуына зор үлес қосқан ақындар. Халық ақындары Нұрхан Ахметбеков, Омар Шипин, Сәт Есенбаевтар, қазақ поэзиясындағы баллада жанрының атасы Қайнекей Жармағамбетов, қазақ әдебиетінің көрнекті өкілдері Сырбай мен Ғафу, Кеңшілік, Шәміл, Қоғабай, Қойшығара, Төлен, Серік, Серікбай, Қонысбай сияқты ақын-жазушылардың бәрі сол кісілердің шекпенінен шыққан. Оны оқытудағы мақсатым–қазақ әдебиетінің осындай ақтаңдақ беттерін орнына келтіру, сонымен бірге, қазақ әдебиеттануында кенже дамып келе жатқан аймақтық әдебиеттану саласына үлес қосу. Осы жұмыстың ізімен Қазақстанның түкпір-түкпірінен келген студенттер өз аймағындағы осындай ашылмай жатқан қазынаны тауып, зерттеп-зерделеп қазақ әдебиетінің тарихына қосса деген ниет қой.

 

Е.Т.Ұстаздық қызметтегі мақсаттарыңыз бен армандарыңызға жеттіңіз бе?

 

А.Қ.Ол туралы сөз қозғау ертерек шығар. Дегенмен біраз шәкірттерімнің өмірден өз жолын тауып, елге пайдасы тиеді-ау деген бағытқа жол сілтеуге септігіміз тиіп жатқан болар. Еуразия университетінде оқытқан шәкірттерімнің бірі ғылым кандидаты, енді бірі КТК, Қазақстан арнасында, тағы бірі «Нұр-Астана» газетінде белді журналист болып қызмет атқарып қана қоймай, елге белгілі тұлғаларға айналды. Арқалықтағы шәкірттерімнің біразы республикаға, облысқа танылып қалды.

 

Е.Т.Алдағы уақыттарда қандай жоба, жоспарларыңыз бар, сол жөнінде айтсаңыз! Кезінде әдебиеттанушы ғалым Бейсенбай Кенжебаев талапты жастарды жинап, үлкен ғылыми мектеп қалыптастырды, кейінірек осы мектептің өкілі болған ұстазыңыз Рымғали Нұрғали осы бағытта жұмыс жасады. Сіз осы үрдіс бойынша жұмыс жүргізіп жатырсыз ба?

 

А.Қ.Алдағы өмір бір Аллаға аян. Ойда жүрген жоба-жоспарлар жеткілікті. Өзім қызмет етіп жатқан факультеттегі тәрбие жұмысын жүйелі жолға қоюға бағытталған біраз ойларым бар. Негізінен тәрбие жұмыстарын студенттердің бойындағы қарым-қабілеттерді аша отырып, шығармашылық бағытта өрбіткім келеді. Иншалла, бастама жаман емес. Енді осы жұмысты институт, қала деңгейіне дейін жетілдіріп, қаламызда жастардың рухани ортасын қалыптастыру басты мақсат. Сонымен бірге еліміздің басқа аймақтарындағы әдеби ортамен шығармашылық байланыс жасап тұрсақ, шығармашыл жастардың өсуіне зор ықпалы болар еді. Ғылыми мектеп жайына келсек, бұл да көптен ойда жүрген мәселе еді. Бұл істі енді қолға алып жатырмыз. Жақында ғылымға икемі бар деген он шақты студентті жинап, тақырыптарын ақылдасып, жоспарын құрып жатырмыз.

 

Е.Т.«Ыбырайтану» курсын ғылыми айналымға енгізіп, оқытудың мақсаты не?

 

А.Қ.Былтырға жылы Білім және ғылым министрлігінің тапсырмасы бойынша «Ыбырайтану» курсын дайындаған болатынбыз. Негізгі басшысы педагогика және психология кафедрасының меңгерушісі,доцент П.Ә.Ахметова болатын. Сонымен бірге құрамында институт доценті Ғ.Қ.Бижанова, магистр Г.Шаумен және мен бар шығармашылық топ жұмыс жасап, бағдарламамыз министрліктің конкурсынан жеңіп шықтық. Бағдарлама республикалық «Қазақстан мектебі» журналында жарияланды. Министрліктің негізгі бастамасы орта мектептерде факультативті курс ретінде «Абайтану», «Ыбырайтану» курстарын жүргізу болатын. Бірақ кейіннен министрлік тарапынан хабар болмай кетті. Институтымыз Ыбырай атамыздың атында болғандықтан «Ыбырайтану» курсы бізде бұрыннан жүргізіліп келеді. Енді біз осы жасаған жұмысты алдағы уақытта ғылыми жобалар конкурсына ұсынбақпыз. Мақсатымыз орта мектептің бәріне болмаса да, Ыбырай атындағы мектептерге, колледждерге осы курсты енгізу.

 

Е.Т. Айбек  Киікбайұлы, шүйгін  әңгімеңізге  рахмет. «Алты  Алаш  баласы  жиылған  жердегі  қадірлі  орын  мұғалімдікі»  дегендей, әрқашан  мақтан  тұтар  шәкірттеріңіз  көп  болып, еңбектеріңіз  еленіп, асқақ  армандарыңыз  орындалсын! Халқымыздың  рухани  өркендеуіне  үлес  қосар  еңбегіңізге  толайым  табыстар  тілеймін.

 

PS:  «Ұстаз- надандық  түнін  адамдықтың  таңына  айналдырушы». Айбек  Киікбайұлының  алдында  дәрісін  тыңдап, шәкірті болған  менде  де менің  замандастарымда  да  арман жоқ. Біз  -шынайы  бақыттымыз! Деканымыз  әрі  оқытушымыздың  арқасында  біршама  белестерді  бағындырып  келеміз. Шүкіршілік, шаһарымызда  өтіп  жататын  мерекелік  іс-шараларды  жүргізіп  жүретін  де  сахнаның  сәнін  келтіретін  де  филфактың  өнерлі  де  талантты  қыз-жігіттері  екені  баршаға  аян. Ағайымыздың  қолдауымен  институтішілік  Міржақып  Дулатов  атындағы  әдеби-мәдени  бірлестік  ашылды. Бұл  бірлестікке  институттың  барлық  факультеттерінің  өнерге  бір табан  жақын  студенттері  тартылды.  Өнер сүйер қауымның  зор  ықылысына  бөленген  «Руханият»  студент  жастар  театрының  да  құрылуына  мұрындық  болған  осы  кісі.

Айбек  ағамыздың  бойындағы  екінші  қыры  -ақындығы. Айбек-айтыстың  ақберені.  «Қазақ» деп  соққан  әр  жүректің  сүйікті  ақыны. Халықтың  ықылас, ілтипаты  мен  қошеметіне  бөленген  абзал  жан.

Кейіпкеріміздің  үшінші  қыры- нағыз  адами  биік  қасиеті. Қазіргі  қоғамда  адамдардың  азғындау  кезеңінде  осындай  парасатты, кең  жүректі, бауырмал, қамқор, ұлтжанды  адамды  кезіктіруің  екі талай.

Жалпы  алғанда, Айбек- халықтың  баласы. Тек  Торғай  өлкесінің  ғана  емес, қазақ  халқының  мақтанышына  айналған  тұлға, шәкірттерінің  зор  сүйіспеншілігіне  бөленген  ұлағатты  ұстаз, аяулы  жар, асыл  әке.

 

Сұхбаттасқан  Елдос  ТОҚТАРБАЙ